БҰҰ комитеттерінің сарапшылары аз ұлттар құқын қорғауға қатысты қазақстандық тәжірибені жоғары бағалап отыр -Т. Әбішев
АСТАНА. 26 қараша. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - БҰҰ комитеттерінің сарапшылары аз ұлттар құқын қорғауға қатысты қазақстандық тәжірибені жоғары бағалап отыр. Бүгін елордада ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңындағы Шолу конференциясының «БАҚ бостандығы» сессиясында сөз сөйлеген Адам құқығы жөніндегі комиссия хатшысы Тастемір Әбішев осылай мәлім етті.
«Қазақстан Конституциясы, БАҚ туралы заң нормалары халықаралық талаптарға сай. Бұл бағытта жүргізілген халықаралық сараптама осыны көрсетеді. Дегенмен, елдердің қарқынды дамуына, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын толық қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық іс-қимыл жоспарымен «Бұқаралық ақпаратқа қолжетімділік туралы» заң жобасын әзірлеу көзделген. Өйткені, ақпаратқа қолжетімділік біздің заңымызда әртүрлі актілер арқылы қамтамасыз етіледі», - деді Т. Әбішев.
Оның айтуынша, Қазақстанда 85 пайыз БАҚ жекеменшік тұлғаларға тиесілі болса, оның басым бөлігі қазақ және орыс тілінде шығады. «Ал 35 газет Қазақстанда тұратын 11 аз ұлттардың тілінде шығады. Радиода 8 хабар, телеарнада 7 бағдарлама аз ұлттар тілінде таралады. Бұндай тәжірибе еш жерде жоқ. БҰҰ комитетінің халықарлық сарапшыларының өзі дәл осы аз ұлттар құқын қорғауға, олардың ақпаратпен қамтылуына қатысты қазақстандық тәжірибені жоңғары бағалап отыр», деді Т. Әбішев.