БҰҰ миссиясының қолбасшысы Голан жоталарындағы қазақстандық бітімгерлермен кездесті
АСТАНА. KAZINFORM – Біріккен Ұлттар Ұйымының бөлінген аймақты бақылау жөніндегі күштерінің (UNDOF) қолбасшысы генерал-майор Анита Асма жеке құрамның кезекті ротациясынан кейін Голан жоталарында қызмет атқарып жатқан қазақстандық бітімгерлік контингент орналасқан ауданға барды.
Сапар барысында ол қазақстандық әскери қызметшілердің қызметті ұйымдастыру тәртібімен танысып, инфрақұрылым нысандарын, инженерлік техниканы, жедел басқару құралдарын қарап шықты. Сондай-ақ миссияның жауапкершілік аймағындағы БҰҰ-ның бақылау бекеттерінде болды.
Генерал-майор Анита Асма ұлттық бітімгерлік контингенттің жеке құрамымен кездесіп, әскери қызметшілермен әңгімелесті.
Қорғаныс министрлігі мәліметінше, кездесу барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қызметті ұйымдастыру, сондай-ақ атысты тоқтату режимін сақтау мен бөліну аймағын бақылау жөніндегі міндеттерді одан әрі орындау мәселелері талқыланды.
БҰҰ қазақстандық бітімгерлер қызметінің деңгейін жоғары бағалағанын жазған едік.