БҰҰ-ның Қазақстанның бітімгерлеріне аударатын төлемі қанша

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев БҰҰ тарапынан бітімгерлерге бөлінетін жалақының сомасы қай деңгейде екенін айтты. 

БҰҰ-ның Қазақстанның бітімгерлеріне аударатын төлемі қанша
Фото: Қорғаныс министрлігі

Оның айтуынша, қазір БҰҰ бітімгершілік миссияларында 155 әскери қызмет етіп жүр.

— БҰҰ-ның бір сарбазға бөлген қаражаты 1500 АҚШ доллары. Біздің жалақымен салыстырғанда, бұл сома үш есе көп, — деді Дархан Ахмедиев Мәжілістің жалпы отырысында.

Сонымен қатар ол әскерилерге арналған төлемді аудару процесі жеделдетілгенін айтты.

— Бұған дейін БҰҰ төлемді Қаржы министрлігіне аударатын. Бұл қаражат біраз уатыттан соң Қорғаныс министрлігіне, сосын әскери қызметшілерге төлем ретінде жіберілетін. Енді жаңа норма аясында бұл төлем Қорғаныс министрлігіне тікелей аударылады, — деп түсіндірді министрдің орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қазір 150-ден астам қазақстандық бітімгер Біріккен Ұлттар Ұйымының Таяу Шығыстағы және Африка континентіндегі 7 миссиясына әскери бақылаушы, штабтық офицер және жеке дербес әскери контингент ретінде қатысып жатыр.

Бүгін Мәжіліс қабылдаған заң аясында БҰҰ-ның миссияларына қатысатын әскерилерге төлемдерді аудару тетігі жеңілдеді.

Еске салсақ, былтыр Қорғаныс министрлігі қазақстандық бітімгерлерге қай сомада өтемақы қарастырылғанын айтқан еді.