БҰҰ-ның арнайы баяндамашысына этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделі таныстырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов БҰҰ-ның Бейбіт жиналыстар және бірлесу құқығы мәселелері жөніндегі арнайы баяндамашысы Майна Киаимен кездесті. Бұл туралы Ассамблеяның баспасөз қызметінен хабарлады.

БҰҰ-ның арнайы баяндамашысына этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделі таныстырылды

Кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Егор Каппель және Юрий Тимощенко, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ-нің директоры Наталья Калашникова, Орталық Азия аймағындағы этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының меңгерушісі Айгүл Сәдуақасова қатысты.

Кездесу барысында БҰҰ-ның арнайы баяндамашысына этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделі таныстырылды. Е.Тоғжанов Майна Киаиге ҚХА-ның құрылу тарихы, конституциялық мәртебесі, оның міндеттері мен этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімді нығайту бойынша атқарылып отырған жұмыс, ҚХА атынан сайланған депутаттардың қызметі, оның халықаралық ынтымақтастығы туралы айтып берді. ҚХА Төрағасының орынбасары Е.Тоғжанов: «Бұдан бұрын БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун елімізге жасаған сапар барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысымен кеңінен танысып, Ассамблеяның принциптері БҰҰ-ның принциптеріне толығымен сай келетіні жөнінде мәлімдеген», - деп атап өтті. Сонымен қатар, Е.Тоғжанов: «Барлық этникалық топтардың өкілдері бірыңғай және тең азаматтық-құқықтық және қоғамдық мәртебеге ие. Бүгінгі күні Қазақстанда 800-ден астам этномәдени бірлестіктер жұмыс істейді, олар 2014 жылы 11 мыңнан астам көпшілік іс-шараны өткізді. Қазақстандағы этникалық топтардың бейбіт жиналыстар және бірлесу құқықтары қамтамасыз етілген», - деп атап өтті.