БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы 2009 жылы әлемдік астық түсімі төмендейді деп отыр
НЬЮ-ЙОРК. Сәуірдің 24-і. ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/- БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) 2009 жылы әлемдік астық шығымы 3 пайызға төмендейді деп болжам жасауда,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. FAO соңғы баяндамасында астықтың халықаралық бағасының төмендігіне байланысты дамыған елдерде егістік алқаптарының анағұрлым қысқартылып отырғаны баян етілген. Дамушы елдерде астық өнімі былтырғы жылғы деңгейде болады деп күтілуде. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, қазіргі уақытта 32 ел жедел азық-түліктік көмекке мұқтаж. Олардың қатарында Ауғанстан, Ирак, Солтүстік Корея, Африканың кедей елдері бар. Сарапшылар сонымен бірге 58 дамушы елдегі азық-түлік бағаларының қымбаттығына назар аударып отыр.