БҰҰ-ның Бас хатшысы ЕҚЫҰ-ға мүше елдерді климаттың өзгеруі мәселесіне баса назар аударуға шақырды
АСТАНА. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Біз климаттың өзгеруі мәселесімен күресу жолында күш біріктіруіміз қажет.
Бүгін Астанада басталған ЕҚЫҰ Саммитінің ресми мәжілісінде БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун осылай айтты.
Бірнеше күннен кейін осы мәселе Мехико қаласында талқыланатындығын атап өткен Пан Ги Мун: «Қазіргі кезде осы мәселе бойынша біраз қиыншылықтарды шешуге болады. Оның ішінде орманның жоғалуы, жаңа технологияларды енгізу, су және экологиялық ресурстарды тиімді басқару сынды мәселелер бүгінде ЕҚЫҰ аймағында да өзекті проблемаларға айналып отыр. Арал теңізінің трагедиялық тағдыры бізді ойландырып қана қоймай, осы іспетті техногендік апаттардың алдын алу жолында тиісті іс-шараларды қолға алуға итермелеуі тиіс. Біз климаттың өзгеру мәселесімен күресу жолында күш біріктіруіміз қажет», - деді БҰҰ-ның Бас хатшысы.