БҰҰ-ның ФАО ұйымы Қазақстанда құс тұмауына (H5N1) қатысты эпидемиологиялық тренингтер өткізуде
АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанада Ауыл шаруашылығы және Денсаулық сақтау министрліктерінің жетекші мамандарына арналған құс тұмауына (H5N1) қарсы эпидемиологиялық шараларды қолдану тақырыбында тренингтер өтуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тренинг БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (Food and Agriculture Organization, FAO) Қазақстандағы арнайы 2005-2015 жылдарға арналған бағдарламасы аясында өтуде. Оған Қазақстанның барлық аймақтарынан 30-ға тарта санэпидқадағалау және ветеринарлық қызметтің мамандары қатысуда.
ФАО-ның Қазақстандағы құс тұмауы бойынша ұлттық координаторы, ветеринарлық ғылымдарының докторы Қаламқас Шампиеваның айтуынша, жылдың осы мезгілінде құстардың Оңтүстік-Шығыс Азия, Үндістан және Пәкістан аумағынан Қазақстан арқылы Ресейге, Еуропа жерлеріне көшуі байқалады. Сондықтан осындай тренингтер мен семинарлар қазақстандық мамандардың біліктіліктерін арттырып, дайындықтарын шыңдау үшін жиі ұйымдастырылуы қажет.
ФАО ұйымы Қазақстанның Ақмола, Павлодар мемлекеттік лабораториялардың толық жарақталуына, шетелде мамандарды оқытуға атсалысып келеді. Биыл 6 маман әлемдегі 5 ең ірі референс лабораториялардың - бірі Италияның референс зертханасында білімдерін шыңдап қайтады.
Осындай тренингтер Алматы қаласында да ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар 2006 жылы құс тұмауына шалдыққан аққудың өлексесі табылған Ақтау портында аймақтық санэпидемиологтарға арналған тәжірибелік семинарлар өткізіледі.
Астанадағы тренингтер 3 күнге созылады.