«БҰҰ-ның күші әлсіреген шақта, ЕҚЫҰ-ның ықпалы күшеюі жаһан үшін ауадай қажет» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 25 қараша. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 25 қараша, бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«БҰҰ-ның күші әлсіреген шақта, ЕҚЫҰ-ның ықпалы күшеюі жаһан үшін ауадай қажет» - республикалық басылымдарға шолу

«Халықтарды қарым-қатынастар жақындатады». «Егемен Қазақстан» газетінің бейсенбілік нөмірінде осы тақырыппен жарық көрген мақалада ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысу үшін Тәжікстан астанасы Душанбеге барғандығы жайында жазылған. Басылымның атап өтуінше, кеше ҚР Үкімет басшысы Тәжікстан Үкіметінің басшысы Акил Акиловпен шағын және кеңейтілген құрамда кездесулер өткізіп, нәтижесінде бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылған. Ресми сапардағы тағы бір маңызды оқиға Үкіметі басшысының Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонмен кездесуі болды. Екіжақты кеңейтілген отырыс барысында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы әріптестікті нығайта түсудің маңыздылығына тоқталған. "Қазақстан өзінің экономикалық дамуында айтарлықтай жоғары жетістіктерге қол жеткізді. Халқының әлеуметтік тұрмысында да жақсы көрсеткіштерге ие. Елдің жоғары жетістіктерінің дәлелі ретінде таяуда Астана қаласында өтетін ЕҚЫҰ Саммитін атап көрсетуге болады. Саммиттің күн тәртібіне енгізілген мәселелердің нақты талқылануы оның барлық қатысушыларын аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған шешімдер қабылдауға бағыттайтынына сенімдімін", - дейді Тәжікстан басшысы.

Санаулы күндерден кейін қазақ елінің төрінде өтетін ЕҚЫҰ Саммиті дүниежүзілік БАҚ-тың назарына іліккеніне біраз уақыт болды. Осынау айтулы тарихи бас қосуды өткізгелі отырған еліміздің саяси, экономикалық, мәдени жетістіктері оларда жиі көтеріліп әлем жұртшылығына паш етілуде. «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі нөмірінде солардың бірпарасы жарық көріп отыр. Мәселен, EuroNews басылымының жазуынша, РФ-ның ЕҚЫҰ-дағы Тұрақты өкілі Ануар Азимов саммиттің Қазақстан ұсынып отырған қорытынды құжатындағы басымдықтарды Ресейдің қолдайтындығын жеткізген. Ал Итар-ТАСС агенттігі былай деп жазады: «Саммит өтетін күндері өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздікті сақтау үшін Астанада 557 құтқарушы адамдар мен 95 техника және Төтенше жағдайлар министрлігінің 2 тікұшағы жұмыс істейтін болады».

***
«Кеше қалаулылар «темір тұлпары» бар қазақстандықтарға да «жаңажылдық сыйлық» сыйлады. Айтпақшы, оған да бастамашы болған - Ұлт көшбасшысы. Мемлекеттік органдарды өздеріне тән емес қызмет түрлерінен арылту мәселесі Елбасы Н.Назарбаев жариялаған құқық қорғау органдары мен сот жүйесі реформасында қарастырылды. Сондағы ел басшылығының бір талабына сәйкес, көліктерді техникалық байқау функциялары Көлік және коммуникация министрлігінің құзырынан «тәркіленіп», нарыққа - бәсекелестік ортаға табыс етілмек», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Көлікті техникалық тексеру бәсекелес ортаға беріледі» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, сонымен қатар Мемлекет басшысы ұсынған жаңа «техникалық байқауды өткізу тәртібі» халықаралық техникалық байқау сертификаттарын беруді көздейді. Ал Үкіметтің түсініктемесіне сәйкес, қолында осындай халықаралық сертификат бар барлық қазақстандық көлік операторлары Еуродақ, Ресей, Беларус, Украина сияқты 38 ел аумағында жүк-жолаушылар тасымалымен еш кедергісіз айналыса алады екен.

«Айқын» газетінің жазуынша, кешегі аптада әлемнің түкпір-түк­пі­рінде аталып өткен барша мұсылман­дардың ұлық мерекесі - Құрбан айт Мәскеу басшылығы, БАҚ өкілдері мен әртістерін біраз ойландырып тастаған сияқты. Бұл жайында басылымның бейсенбілік санындағы «Мәскеу неден қорқады?» деген мақалада егжей-тегжейлі баяндалған. «Олар Құрбан айттың Мәскеуде осыншама кең көлемде аталып өткеніне алаңдаушылығын жасырмайды. Ең қызығы, Андрей Макаревич, Лайма Вайкуле, Михаил Ширвиндт, Леонид Ярмольник бастаған бір топ артистер қауымы Мәскеудің жаңа басшысы Сергей Собянинге Құрбан айт мерекесінде қала көшелерінде қой союға тыйым салу қажеттігін сұрап хат жолдаған», - деп жазады басылым.

***

Егін орағы науқаны аяқталғанымен, оның маңындағы дау-дамай, керісінше, енді бой көтеріп жатыр. Нақтырақ айтқанда, ол ауыл шаруашылығы сақтандыру төлеміне қатысты. Мәселен, «Алаш айнасы» газетінің баяндауынша, Қостанай облысының Федоров ауданы нарығында бес сақтандыру компаниясы жұмыс істеген. Бүгіндері соның біреуінен диқандар сақтандыру төлемін ала алмай отыр. Ал қалғандары тиісті шартқа сәйкес есеп айырысқан. Сақтандыру төлемін жасамай отырған - диқандарға бөтен компания емес, өздері мүше Қазақстан фермерлер одағына қарасты «Өзара сақтандыру қоғамы» болып отыр. Жазылған жайттың байыбына барғыңыз келсе, басылымдағы «Сақтандырсаң сақтаймыз» дегендері қайда?» деген тақырыптағы мақаланы назарыңыздан жіберіп алмаңыз.

Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алдан Смайылмен арадағы сұхбат «БҰҰ-ның күші әлсіреген шақта, ЕҚЫҰ-ның ықпалы күшеюі жаһан үшін ауадай қажет» деген тақырыппен берілген. Тілшінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген халық қалаулысы: «Алаш елі алда тұрған оқиғаның мән-мазмұнын, оның ЕҚЫҰ-ға мүше елдерге, одан тыс мемлекеттерге тигізетін игі ықпалын алдын ала терең сезіне де бермеспіз. Бір ақиқаттың басы ашық: бүгінде Қазақстан және оның Тұңғыш Президенті жаһанға жаққан, әлемді үндестік пен өзара сенімге бастаған тың идеяларымен халықаралық биікке көтерілсе, күні ертең Астана Қазақ елінің төрінен ғаламның төріне айналады»,- дейді.

***

«Гаагада (Нидерланды Корольдігі) осы елдегі Қазақстан елшілігінің бастамасы бойынша кеше болған конференцияда этнодіни пікір алуандығы мен көші-қон мәселелері талқыланды», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі аясында ұйымдастырылған шараға Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижанов бастаған қазақстандық парламентшілер белсенді түрде қатысуда. Конференцияда Қазақстан делегациясының басшысы А.Бижанов негізгі баяндама жасады. Талқыланып отырған тақырыптың өзекті екенін атап өте келіп, сенатор "толеранттылық пен мәдениетаралық үнқатысуды ілгерілету ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның төрағалық етуіндегі негізгі басымдық және "қосымша құн" ретінде қарастырылатынын" айтты. Сонымен қатар ол ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен кездегі Қазақстанның бастамалары туралы айта келіп, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту саласындағы мемлекеттік саясат мәселелеріне тоқталған.