БҰҰ-ның Сириядағы арнайы елшісі Астана процесіне шақырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ-ның Сириядағы арнайы елшісі Стаффан де Мистура Сирия бойынша өтетін Астана процесіне шақырылды, деп хабарлайды Рейтер агенттігі.
«БҰҰ-ның Сириядағы арнайы елшісі Стаффан де Мистура Астанадағы келіссөздерге шақырылды», - деп айтылады агенттіктің хабарламасында.
РИА Новости атап өткендей, бұдан бұрын Ресей Президенті Владимир Путин түрік көшбасшысы Тайып Ердоғанмен Сириядағы соғысып жатқан тараптарға Астанадағы жаңа алаңда бейбіт келіссөз үдерісін жалғастыруды ұсыну туралы уағдаласқанын хабарлаған. Оның айтуынша, жаңа алаң женевалық келіссөздерді толықтырады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Путинмен және Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесуі барысында бұл бастаманы қолдап, Астананың мұндай келіссөз өткізу алаңын ұсынуға әзір екендігін хабарлаған.