БҰҰ-ның Жол белгілері мен сигналдары туралы конвенциясы заңмен бекітілетін болды

АСТАНА. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ -Үкімет «Біріккен  Ұлттар  Ұйымының  Жол  белгілері  мен  сигналдары туралы конвенциясын ратификациялау туралы» жаңа заң жобасын Мәжіліске ұсынды,

БҰҰ-ның Жол  белгілері  мен  сигналдары туралы конвенциясы заңмен бекітілетін болды

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасы Әкімшілік заңнаманы жетілдіру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ұсынымдарына және ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің көлік және коммуникация саласындағы халықаралық конвенциялар мен шарттарға қосылуы туралы ЕЭҚ мемлекетаралық кеңесінің 2007 жылғы сәуірдің 18-індегі және 2007 жылғы қазанның 6-сындағы шешімдеріне сәйкес әзірленді.

1949 жылғы қыркүйектің 19-ында Женевада барлық континенттер мемлекеттердің қатысуына есептелген Жол қозғалысы туралы конвенция және жол белгілері мен сигналдары туралы хаттама қабылданды. Келісімдерді көпшілік мойындады: Еуропа, Азия, Америка және Австралия мемлекеттерін қоса алғанда, 1979 жылдың аяғында Жол қозғалысы туралы конвенцияға 85 ел, жол белгілері туралы хаттамаға - 35 ел қатысушы болды, олар негізінен Еуропа және кейбір Америка мемлекеттері.

Жол белгілері мен сигналдары туралы хаттама жол белгілері мен сигналдарының бірыңғай жүйесін енгізеді, сондай-ақ оларды ресімдеу мен орналастыруға қойылатын белгілі бір талаптарды белгілейді. Хаттамада жол белгілерін қою туралы кейбір ережелер қамтылған. Хаттамаға сәйкес уағдаласушы мемлекеттер онда белгіленген жол белгілері мен сигналдардың жүйесін қабылдайды және оны барынша қысқа мерзімде іске асыруға міндеттенеді.

Венада 1968 жылғы қарашада Жол белгілері мен сигналдары туралы конвенцияның жаңа мәтініне қол қойылды.

Конвенцияның бірде-бір ережесі Уағдаласушы Тараптарға Конвенцияда белгіленген сигналдық белгілер мен таңбалардың барлық түрлерін қабылдау міндеттемесін жүктеу ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

Уағдаласушы тараптар, халықаралық жол қозғалысын жеңілдету және жолдарда қауіпсіздікті арттыру үшін қажетті халықаралық жобадағы бірыңғай жол белгілерін, сигналдарын және жолдағы таңба көрсеткіштерін мойындайды.

Палатаның қаулысына сәйкес бұл заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу міндеті Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне жүктелді.