БҰҰ өкілі: Қазақстан Адам даму тұрғысында соңғы он жылда тамаша жетістіктерді бағындырды

АСТАНА. 8 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстан Адам даму тұрғысынан алғанда соңғы он жылда тамаша жетістіктерді бағындырды.

БҰҰ өкілі: Қазақстан Адам даму тұрғысында соңғы он жылда тамаша жетістіктерді бағындырды

Бүгін Сыртқы істер министрлігінде БҰҰ Даму бағдарламасының «Оңтүстіктің өрлеуі: алуан түрлі әлемдегі адами прогресс» атты ғаламдық баяндамасының аймақтық тұсаукесері барысында БҰҰ ДБ Аймақтық орталығының директоры Оливер Адам осылай мәлім етті.

«Адам дамуы туралы жаһандық баяндаманың тұсаукесерін өткізетін алаң ретінде Астана кездейсоқ таңдалып отырған жоқ. Қазақстан - бұл өзінің экономикасын ілгерілетіп қана қоймай, көршілес елдердің дамуына да қолдау жасап келе жатқан мемлекет. Сонымен қатар, Тәуелсіздіктен бері Қазақстан Адам дамуы индексінде де жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Жалпы, адам дамуының жоғары деңгейі ТМД мен Еуропа елдеріндегі жоғары көрсеткіштердің бірі болып табылады», - дейді аймақтық орталық жетекшісі.

Оның айтуынша, Адам даму тұрғысынан алғанда соңғы он жылда Қазақстан тамаша жетістіктерді бағындырды. «Ал 2011 жылы 68-орында болып, 2012 жылы 69-орынға сырғығанына келсек, бұған соншалықты мән берудің қажеті бола қоймас. Өйткені, бұл рейтинг негізінен басқа елдердің көрсеткіштеріне салыстырмалы түрде қойылады. Сонымен қатар, табыс деңгейі мен білім беру ара қатынасында Қазақстан басқа елдерден көш ілгері. Мәселен, 25 жастағы азаматтардың біліммен қамтылуына қарасақ, көптеген дамыған елдермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары», - деді ол.

Еске сала кетсек, тұсаукесер барысында адам дамуының жалпы және өңірлік жаһандық есебі таныстырылады. Адам дамуы туралы жаһандық баяндама мәліметтеріне қарағанда, 2012 жылы Қазақстан Адам даму индексінің рейтингісінде 69-орынға тұрақтады. 2011 жылы еліміз 68-орында тұрған болатын. Бұның өзі аталмыш көрсеткіштегі Қазақстанның жоғары деңгейдегі елдер тобына жататынын білдіреді. Жалпы осы индекс бойынша Орталық Азия елдеріне келсек, Түркіменстан - 102, Өзбекстан - 114, Қырғызстан мен Тәжікстан 125 орындарда тұр.