БҰҰ өкілі Қазақстанда балалар құқығы жөніндегі бірыңғай орган құруды ұсынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде Бірккен Ұлттар Ұйымына қарасты Балалар қорының Қазақстандағы өкілі Артур Ван Дизен балаларды қорғау жөніндегі қызметті дамыту бойынша бірқатар ұсыныс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз ұсынғымыз келетін балаларға қызмет көрсету тәжірибесі Ішкі істер министрлігі үшін ерекше болуы мүмкін. Мәселен, түрлі қылмыстардың құрбаны болған балалардан жауап алу процесі бүлдіршін үшін психологиялық соққы болуы мүмкін. Дания, Исландия және Швеция сияқты скандинавия елдерінің бұл бағытта өте жақсы тәжірибесі бар. Біз «Барнахус» деп аталатын модель туралы айтып отырмыз. Онда бір білікті әрі кәсіби маман балаға сауалнама жүргізеді, ал кейін барлығы сол бейнежазбаны көріп, одан ақпарат алады. Осылайша, бала қорықпайды және күйзеліске түспейді», - деді Артур Ван Дизен ОКҚ-дағы брифингіде.

Оның айтуынша, кәсіби маман жүргізген сауалнама негізінде алынған мәлімет оның мәселесін шешу мен түрлі қызмет көрсету үшін қолданылады.

«Ведомствоаралық және сектораралық жұмысты жүйелі үйлестіру өте маңызды. Бұл ретте қай министрлік қандай мәселеге жауап беретінін білу қажет. Менің ойымша, Қазақстанда балалар құқығын қорғауға жауапты бір орган құру қажет. Мұндай орган министрліктің ішінде жұмыс істейтін болса, ол тек осы бөлімнің ішіндегі жұмысты ғана үйлестіреді. Ал басқа министрліктер өз өкілеттіктері шеңберінде жұмыс істей береді. Сондықтан бірыңғай орталық орган құрылса, оның жұмыс нәтижесі әлдеқайда сапалы болар еді», - деп ұсыныс білдірді ол.


Соңғы жаңалықтар