БҰҰ операцияларында ҰҚШҰ бітімгерлер күштерін қолдану тәртібі белгіленбек
Хаттамаға 2021 жылғы 16 қыркүйекте Душанбе қаласында Ұжымдық кеңес отырысында қол қойылды.
Хаттамада Келісімге БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияларында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік күштерін қолдану тәртібін белгілейтін өзгерістер көзделеді. Аталған құжат бойынша «үйлестіруші мемлекет» ұғымы енгізіледі. БҰҰ-ның бейбітшілікті сақтау жөніндегі операцияларында қолдану үшін ҰҚШҰ-ның Ұжымдық бітімгершілік күштері үйлестіруші мемлекеттің ұйымдастыруымен құрылады.
«Үйлестіруші мемлекетті Кеңес (Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесі) айқындайды. Оның мақсаты – операцияда осы күштерді қолдануды жан-жақты қамтамасыз ету мәселесін шешу. Бітімгершілік күштің операцияға қатысуы үйлестіруші мемлекет пен Біріккен Ұлттар Ұйымының уәкілетті бөлімшесі арасындағы келісімде айқындалады. Мемлекеттер осы операцияға ерікті түрде қатысады. Хаттаманы ратификациялау Қазақстан мүддесіне сәйкес келеді. Өйткені, ол Ұйым мен оған мүше мемлекеттің бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға, ынтымақтастықты нығайтуға тиімді қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерлерін (Ұжымдық күштерін) бірлескен материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң қабылданды.