БҰҰ Пан Ги Мунның туыстарына тағылған айыптауларға пікір білдіруден бас тартты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Біріккен Ұлттар Ұйымы БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мунның туыстарына Америка билігі тағып отырған айыптаулар бойынша пікір білдірмейді, деп мәлім етті «РИА Новости» агенттігіне БҰҰ Бас хатшылығының өкілі Стефан Дюжаррик.

БҰҰ Пан Ги Мунның туыстарына тағылған айыптауларға пікір білдіруден бас тартты

«Біз бұл мәселе бойынша пікір білдірмейміз», - деп атап өтті Дюжаррик.

АҚШ билігі БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мунның ағасы мен жиеніне парақорлық  ісі бойынша айып таққан болатын. Бұл туралы Рейтер агенттігі сот құжаттарына сілтеме жасап хабарлады.

Айыптау қорытындысы Манхэттен сотына тапсырылды. Құжаттарға сәйкес, экс-Бас хатшының жиені Пан Чу Хён мен оның ағасы Пан Ги Санға Таяу Шығыс елдерінің ресми өкілдерін «сатып алу» мақсатында сөз байласқан деген айып тағылуда.

Агенттік мәліметінше, аталмыш іс Вьетнамда 800 млн. долларға ғимараттар кешенін сату әрекетімен байланысты. БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысының жиені Нью-Йоркте жылжымайтын мүлік саудасы бойынша агент болып жұмыс істейді, ал ағасы оңтүстіккореялық Keangnam Enterprises Co Ltd құрылыс компаниясында аға кеңесші болып табылады.