БҰҰ штаб-пәтерінде қазақстандық ЖОО-ның жаңа даму үлгісі таныстырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында халықаралық форум өтті. Бұл бастаманы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұсынған. Ал идеяны БҰҰ Өркениеттер альянсы және Қазақстанның халықаралық ұйымдағы өкілдігі қолдады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Форумға қатысушылар «Университет 4.0.» атты қазақстандық жоғары оқу орнының жаңа даму үлгісімен танысты. Бұл жоба «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасына негізделіп жасалған.
ҚазҰУ ректоры өз сөзінде ұлы философ Әл-Фарабидің идеясына негізделген университеттің 4.0 жаңа моделін таныстырды. Қазақстандық жоғары оқу орнының бұл жаңа үрдісіне Біріккен Ұлттар Ұйымы Өркениеттер альянсының Жоғарғы өкілі Насир Абдулазиз әл-Насер қолдау көрсетті. Ол осы бастаманың маңыздылығына тоқталды және әлемнің басқа да университеттерін БҰҰ-ның «Жаһандық азаматтық» бағдарламасы аясында жастарды тәрбиелеуге нақты қадамдар жасау үшін біріктіруге шақырды.
«ҚазҰУ-дың тәжірибесі мен бастамалары БҰҰ-ның «Академиялық ықпалы» ғаламдық хабының бағдарламалары үшін өзекті әрі сұранысқа ие. Ал Әл-Фараби мұрасы бүгінгі күнге дейін білімнің кемел күші болып табылады», - деді БҰҰ Өркениеттер альянсының Жоғарғы өкілі Насир Абдулазиз әл-Насер.
Ал Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов: Қазіргі заманда университеттердің әрі қарай даму эволюциясында қандай модель болуы керек? Сол себепті біздің тарапымыздан «Университет 4.0» деген жаңа модель ұсынылды. Қазірге дейін білім-ғылым маңызды болып келсе, қазіргі бағытта рухани байлық, жастардың бойына рухани құндылықтарды сіңдіру - сол бағытта өзіміздің үлгімізді көрсетіп, жақсы қолдау тауып жатырмыз», - деді.
«Университет 4.0» үлгісі аясында Қазақ ұлттық университеті «Al-Farabi university smart city» бірегей жобасын жүзеге асырып жатыр. Сондай-ақ БҰҰ Бас ассамблеясының 66-сессиясында Қазақстан Президенті ұсынған «Жасыл көпір» бастамасын іске асыруға бағытталған «Жас ұрпақ арқылы жасыл көпір» бағдарламасы іске қосылмақ.