БҰҰ штаб-пәтерінде саяси жарыссөздер басталды
НЬЮ-ЙОРК. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/ - Сәрсенбі күні Нью-Йоркте, БҰҰ штаб-пәтерінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясының жалпысаяси жарыссөздері басталды.
Биыл Құрама Штаттар мен Ресейдің жаңа басшылары бас мінбеден алғаш рет сөз сөйледі. Барак Обаманың үндеуінде көптеген халықаралық мәселелер бойынша Вашингтонның өзгеріп отырған ұстанымдары көрініс тапты. Ел басшылығында отырған 9 айдың ішінде ол Гуантанамодағы американдық базадағы түрмені жабу, азаптауларға тыйым салу туралы шешімдер қабылдады. АҚШ БҰҰ жарналары бойынша барлық борыштарынан құтылды, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің құрамына кірді. Ақ үйдің климаттың өзгеруіне қатысты көзқарасы да өзгеріп отыр - таза технологияларды дамытуға үкімет 80 миллиард доллар бөлді.
АҚШ Президенті әлем елдерін заманауи ығыттармен күресуде күш-жігерлерін біріктіруге шақырды.
Ресей Президенті Дмитрий Медведев өз сөзінде БҰҰ-ның қатысуынсыз және оның аясынан тыс оңтайлы шешілуі мүмкін емес үш проблемаға тоқталды. Микрошаруашылық үдерістерді басқарудың қолданыстағы тетіктерінің теңгерімсіздігі, қаржы нарықтары мен экономиканың нақты секторының арасындағы қайшылықтар Ресей Президентінің пікірінше, келешекте барлық сілкіністерден кепілдік беретін жаңа қаржылық-экономикалық модель құруды талап етеді. Замананың екінші міндеті - жаһандық энергетикалық қауіпсіздік проблемаларын шешу, ал үшінші бағыт - БҰҰ әлеуетін жан-жақты нығайту, деп санайды Д.Медведев.
Ресей басшысы сондай-ақ Орта және жақын қашықтықтағы зымырандарды жою туралы ресей-американ келісімшартына әмбебаптық мазмұн беруді қолдады және жан-жақты қарусыздану үдерісіндегі оң үрдістерді атап көрсетті.
Жарыссөздің бірінші күні Бас Ассамблеясы мінбесінен Ливия, Иран, Бразилия, Франция, Қытай, Тәжікстан, Түрікменстан, Украина және басқа да елдердің басшылары сөз сөйледі.