БҰҰ ядролық қарусыздану туралы үздік фильмге конкурс жариялады
НЬЮ-ЙОРК. Тамыздың 1-і. ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/ - Біріккен Ұлттар Ұйымы ядролық қаруды жою және таратпау тақырыбына арналған үздік қысқаметражды фильмге конкурстың басталғанын жариялады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шара «Әлемді ядролық қарудан азат етейік» деп аталатын науқанның және қыркүйектің 21-інде атап өтілетін Бейбітшіліктің халықаралық күніне әзірлік аясында өтуде.
Конкурсқа қатысуға кәсібилік деңгейіне және авторлардың тәжірибесіне қарамастан, кез-келген бейнефильм жіберіледі. Барлық жұмыстар 2009 жылы қыркүйектің 10-ына дейін таныстырылуы керек. Конкурста жеңіп шыққан фильм БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде көрсетіледі және ядролық қаруды жою науқанына қолдау ретінде БҰҰ-ның сайтына орналастырылады.