БҰҰ жанындағы БАӘ елшісі болып тұңғыш рет әйел адам тағайындалды
АСТАНА. 20 қыркүйек. ҚазАқпарат - Біріккен Араб Әмірліктері араб елдері ішінде гендерлік теңдік бағытында ілгерілеушілік көрсетуде. Әмірлік тарихында алғаш рет Біріккен Ұлттар Ұйымындағы БАӘ елшісі болып әйел адам тағайындалды.
Бейсенбі күні БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Ұйымның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде тұрақты қызметке келген БАӘ дипломаты Лану Нуссейбені қабылдады. Бұған дейін Л. Нуссейбе БАӘ сыртқы істер министрлігінде әр түрлі лауазымды қызметтер атқарған болатын.
Әңгіме барысында Пан Ги Мун Л. Нуссейбенің тағайындалуына жоғары баға берді. Оның пікірінше, БАӘ кадр мәселесіндегі шешімдері Әмірлік қоғамындағы әйел рөлінің айтарлықтай екендігін көрсетеді.
«Таяу Шығыс аймағында және әлемдегі қауіпсіздік, қарусыздану, адам құқығы жөніндегі маңызды мәселелер бойынша біздің өзара қарым-қатынасымызды нығайту бағытында БҰҰ-да БАӘ атынан қызмет істеу - мен үшін үлкен құрмет» - деп жауап берді Әмірлік дипломаты.
Өз мәлімдемесінде БАӘ сыртқы істер министрі шейх Абдалла бен Зайед Аль Нахайян Л. Нуссейбенің БҰҰ-ға қызметке тағайындалуы Әмірлік пен Ұйым арасындағы ынтымақтастықтың шешуші маңызға ие болып отырған сәтіне сәйкес келгендігін айтты. «Біз осы бір дағдарыс уақытында БҰҰ арадағы әріптестігіміздің нығайтылуын тағатсыз күтудеміз», - деп мәлімдеді БАӘ СІМ басшысы.