БҰҰ Женевада өтетін сирияаралық келіссөздер күнін атады
АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ-ның Женева кеңсесі сирияаралық келіссөздерді бастау үшін 23 ақпанға дайындалуда. Дегенмен, келіссөздер өтетін күн тағы да кейінге шегерілуі мүмкін. Бұл жайында БҰҰ Женева кеңсесінің баспасөз хатшысы Алессандра Велуччи брифинг барысында журналистерге мәлім еткен, деп хабарлайды Ресейдің Жаңалықтар агенттігі.
«Егер мен 100 пайыздық сенімділікпен айтар болсам, онда лотереядан да ұтар едім. Дегенмен, қазіргі сәттегі сценарий - 23 ақпан. Егер қандай да бір өзгерістер болса, білетін боламыз. бірақ, әзірше мұның өзгеріске ұшырайтындығы жайында ешқандай нұсқаулық түспеді», - деді ол.
Велуччи БҰҰ кеңсесі Ұйым ғимаратын келіссөздер өткізуге дайындау жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтты. Алайда, оның сөзіне қарағанда, әлі де болса келіссөздердің өтетіндігі нақтыланбаған. Сондықтан өзгерістер орын алуы да ықтимал.
«Қазіргі уақытта бізде шақырудың жіберілгендігі туралы нақты ақпарат бар. делегациялардың бір бөлігінің жасақталғандығын да естіп отырмыз. Бізде шек бар. Сол шек аясында жұмыс істейміз. Бірақ, бұл процесте кез келген жайт орын алуы мүмкін», - деді ол.
Айта кетейік, Женева келіссөздеріне дейін 15-16 ақпан күндері сирияаралық проблеманы шешуге арналған кездесу Астанада өтеді. ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың айтуынша, елордадағы кездесу барысында Сириядағы соғыс қимылдарының доғарылуын қадағалау жедел тобын құру туралы құжат қабылдануы мүмкін.
«Бізде өтетін кездесу ақпан айында Женевада өтетін келіссөздерге дайындық саналады. Біз Астанада тек тұғырнама ұсынып отырмыз. Өздеріңізге мәлім, кезінде Ресей президенті Путин мен Түркия президенті Ердоған Елбасымызға ұсыныс жасады. Елбасы олардың ұсыныстарын қолдады және 23-24 қаңтар күндерінде бізде Сириядағы жағдайда реттеу жөніндегі кездесу ұйымдастырылды. Одан кейін жуырда өздеріңізге белгілі техникалық кездесу өтті. Ал ертең өтетін кездесу одан да жоғары деңгейде болмақ», - деген еді министр.