БҰҰДБ Абай мен Ұлытау облыстарында қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру жобасын іске асырды

АСТАНА. БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен Абай және Ұлытау облыстарында қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған жобаны жүзеге асырды. Бұл туралы Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов Астанада өтіп жатқан «Жасыл энергия және қалдықтарды қайта өңдеу» (GEWR’26) X Еуразиялық бизнес-форумында айтты.

БҰҰДБ Абай мен Ұлытау облыстарында қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру жобасын іске асырды
Фото: Павлодар облысы өңірлік коммуникациялар қызметі

Оның айтуынша, «Тұрақты даму: жаңадан құрылған облыстардағы өңірлік теңгерімсіздікті еңсеру» жобасы осы екі өңірдің тұрақты дамуына серпін беруге бағытталған.

— Жобаның негізгі бағыттарының бірі — қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру. Осы бағытта қолданыстағы жүйеге талдау жасалып, Абай мен Ұлытау облыстары үшін қалдықтарды басқару жүйесін дамыту тұжырымдамалары әзірленді. Құжатта инфрақұрылымды жаңарту, қалдықтарды жинау, тасымалдау және кәдеге жарату тиімділігін арттыруға қатысты нақты ұсынымдар берілген, — деді Сухроб Ходжиматов.

Оның сөзінше, өңірлердің материалдық-техникалық әлеуетін күшейту үшін БҰҰДБ арнайы қоқыс таситын көліктер мен еуроконтейнерлер сатып алып, жергілікті жерлерге тапсырған.

Сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс кездесулері мен кеңестер ұйымдастырылып, қалдықтарды басқару саласындағы әлеуетті арттыру, ұлттық тұрақты даму басымдықтарына сай заманауи тәсілдерді енгізу мәселелері қаралған.

Еске салайық, Қазақстанда тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 2030 жылға қарай 40%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.