11:35, 11 Шілде 2017 | GMT +5
Бұзақы бір түнде екі ғибадатхананың әйнегін сындырды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда екі ғибадатхананың терезелерін сындырған бұзақы ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға кеше түнде болған. 33 жастағы ер адам алдымен, 28 панфиловшылар саябағындағы Вознесен кафедралды соборының терезесіне тас лақтырып, әйнегін сындырып кетсе, жарты сағаттан соң Алатау ауылындағы тағы бір шіркеудің терезесін шаққан.
«Ол 30 минуттан соң Алатау ауылында орналасқан Петр мен Павл храмының терезесін сындырды. Л. Иванов бұрын шіркеу қызметкерлерімен сөзге келіп қалғандықтан, осылай кек алуға тырысқан. Тінту кезінде Ивановтан бірнеше ірі тас алынды. Ол өз кінәсін мойындады», - деді қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Бұзақылық дерегі ҚР ҚК 293-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу реестріне тіркелді.