Бұзақылар жол полицейлерін соққыға жығып, қызметтік көліктерін тартып алған
АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Амур облысында жол полицейлеріне шабуыл жасаған күдіктілер ұсталды.
Бұл туралы РФ ІІМ-нің сайтында хабарланды.
11 қыркүйек күні Ивановка-Крещеновка тас жолының алтыншы шақырымында кезекшілік еткен жол-патрульдік қызметінің жасағы Toyota Vista көлігін тоқтатпақшы болды. Алайда оның жүргізушісі бұл талапты елеген жоқ.
Полицейлер шетелдік көліктің ізіне түсіп, оған Крещеновка ауылында қуып жетті. Оның ішінде жүргізушіден басқа екі жас жігіттің отырғаны анықталды. Бұдан басқа тағы екі жан ұсталғандарға көмектесу үшін жаяулатып жеткен.
Олардың арасында ұрыс-керіс басталып, жол полицейлері табельдік қарудан екі рет оқ атты. Бірақ бұл әлгілерге әсер еткен жоқ. Жастардың бірі патрульдік көліктің ішіне отырып, ізін суытпақшы болды, бірақ көп ұзамай ағашқа соғылды. Қалғандары жол полицейлерін соққыға жықты, жарақаттанған олар ауруханаға жатызылды.
Бұзақылар көп ұзамай ұсталды, бесінші жігітті іздеу амалдары жалғасуда.