Бұзақылық жасаған Петропавл тұрғыны 500 сағаттық қоғамдық жұмысқа жегілді
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында бүгінде 33 адам пробация қызметінің есебінде тұр. Солардың бірі жазасын 500 сағат қоғамдық жұмыс атқарып өтемек, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірдің пробация қызметінің есебі бойынша 104 адам қоғамдық жұмысқа тартылған. Сотталғандардың 71-і жазасын өтеді. Қоғамдық жұмыстарға ең көп 1200 сағат, ал ең аз 20 сағатқа сотталуы мүмкін.
«Жазаның бұл түрі теріс қылықтар мен онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін тағайындалады. Сотталғандар жазаны орындаудан бас тартқан немесе пробация қызметінің бақылауынан жасырынған фактілер бар, мұндай жағдайларда жаза неғұрлым қатаң жазаға ауыстырылуы мүмкін. Осылайша жыл басынан бері 6 адамның жазасы қатаңдатылды. Біреуі бас бостандығынан айырылды, екеуі қамаққа алынды, тағы үшеуінің бас бостандығы шектелді. Қоғамдық жұмыстарды орындаудан мерзімінен бұрын босату заңда қарастырылмаған», - дейді СҚО бойынша ҚАЖД бастығы Рустан Ахметжанов.
Қоғамдық жұмыстарды сотталғанға тұратын орны бойынша жергілікті атқарушы органдар береді. Жыл мезгіліне байланысты қаланы абаттандыруға қатысады, гүлзарларды, саябақтарды, көшелерді жинайды, қаланы көгалдандырумен айналысады. Қыс мезгілінде негізінен қар тазалау жұмыстарына жегіледі.
«Төтенше жағдай кезінде сотталғандар ерікті түрде автобус аялдамалары мен тұрғын үйдің кіреберістеріне дезинфекция жүргізді. Олар өз жазасын өтеп қана қоймай, қоғамға пайдалы іс істеді», - дейді Рустан Ахметжанов.
Петропавл қалалық пробация қызметі бөлімінің есебінде тұрған осындай сотталғандардың бірі «Бұзақылық» бабы бойынша 500 сағат қоғамдық жұмыс түрінде жазасын өтеп жатыр. 2019 жылдың жазында ол облыс орталығындағы мейрамханалардың бірінен мас болып шығып, өтіп бара жатқан адамды жеңіл жарақаттаған. 20 жастағы жігіт бір жылдан артық жазасын өтеп жатыр. Жалпы Петропавл қаласы бойынша қоғамдық жұмыстарға тартылғандардың саны - үшеу.