«Былғары доп - 2010» жарысының жеңімпаздары Қазақстан - Түркия ойынын тамашалауға мүмкіндік алды
АСТАНА. Қыркүйектің 3-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Қазақстанның Футбол федерациясының арнайы шақыруымен «Былғары доп - 2010» жарысының жеңімпаздары - Теміртау қаласының №17 орта мектебенің 18 оқушысы елордаға келіп, бүгін «Астана - Арена» стадионында өтетін «Еуро - 2012» чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы Қазақстан - Түркия ойынын тамашалауға мүмкіндік алды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осыған орай бүгін «Астана - Арена» стадионында арнайы баспасөз-мәслихаты өтіп, Қазақстанның Футбол федерациясының өкілдері «Былғары доп - 2010» жарысының жеңімпаздарымен кездесті. Іс-шара барысында федерацияның вице-президенті, белгілі футболшы Сеильда Байшақов жас спортшылардың бастамаларына сәт сапар тілеп, олардың отандық футболды жаңғырту жолында тек жоғары жетістіктерге ғана жете берулеріне тілектестік білдірді.
Айта кетейік, биылғы «Былғары доп - 2010» футбол жарысына еліміздің 5 мың мектебінен 500 мыңға жуық оқушы қатысты. Жарыстың ақтық сындарында Оңтүстік Қазақстан облысы, Алматы және Теміртау қалаларының командалары жеңіске жетті. Олардың бірі - Теміртау қаласының №17 орта мектебенің 18 оқушысы бүгін «Астана - Арена» стадионында өтетін «Еуро - 2012» чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы Қазақстан - Түркия ойынын тамашалауға мүмкіндік алды. «Теміртау біздің президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек жолы басталған қаласы болғаннан кейін, сондай-ақ «Былғары доп» жарысының бес жылдық тарихында Теміртау қаласының жас футболшылары жеңіске жетіп жатқаннан кейін біз оларды бүгінгі Қазақстан - Түркия ойынын тамашалауға шақырып отырмыз», - деді өз сөзінде «Кока-кола» компаниясының Орталық Азиядағы менеджері Арыстанбек Нұрмаханов.