Былтыр 17 микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қаржы ұйымын мәжбүрлеп таратқан немесе оны банкрот еткен басшылардың арнайы есебі жүргізілмек. Тиісінше, ондай лауазымды тұлғалар басқа қаржы ұйымдарын басқаруға жіберілмейді. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ашық талқыға шығарған Реттеу саясатының консультативтік құжат-жобасында көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Микрокредит беру секторында 252 микроқаржы ұйымы жұмыс істейді. Былтыр осындай 17 компания лицензиясынан айырылды. Сонымен қатар ҚР заңнамасында агенттіктің қаржы ұйымын мәжбүрлеп таратуға немесе оны банкрот деп тануға әкеп соққан басшылардың есебін жүргізуге мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты өзге қаржы ұйымдарында олардың басшылық лауазымға орналасуына жол бермеу мақсатында осы тұлғалардың есебін жүргізу және бақылау жүргізу ұсынылады. Осылайша, уәкілетті орган жауапсыз адамдардың қаржы секторындағы лауазымдарға орналасуына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдай алады», - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған Реттеу саясатының консультативтік құжатында.

Сонымен бірге былтыр қазақстандықтар тарапынан банк және микроқаржы секторындағы ұйымдардың жұмысына қатысты 35 мыңнан аса өтініш түскен.

Бұған қоса, аталған консультативтік құжатта елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қаржылық қызметтерге қолжетімділік деңгейі төмен екені жазылған.


Соңғы жаңалықтар