Былтыр 273 сәби скринингтің арқасында соқырлықтан аман қалған

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Былтыр шала туған нәрестерелге жүргізілетін скринингтің арқасында 273 балаға уақытында ота жасалып, соқырлықтың алды алынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын қорғау департаменті директорының орынбасары Олжас Искаков орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мәлім етті.

«Денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылы балаларды скринингтен өткізу туралы бұйрықты жаңартты. Ол жаңа бұйрыққа қосымшалар енгізілді. Соның арқасында балаларға 5 түрлі скрининг жүргізіледі. Соның бірі – шала туған балаларда кездесетін соқырлықтың алдын алу үшін жүргізіледі.

Бүгінгі таңда елімізде жылына 400 мыңнан астам бала туады. Соның 20 мыңға жуығы шала туады. Осы 20 мыңның ішінде салмағы 500-900 грамм болатын нәрестелерге скрининг жүргізе бастадық. 2021 жылы скринингтен өткен 6500 баланың 273-іне сол мезетте ота жасап, соқырлықтың алдын алдық», - деді департамент өкілі.

Оның айтуынша, бұл проблема әлі де өзекті.

«Қазақстан халқына» қорымен бірге 14 өңірден 30 медицина ұйымына қондырғыға қосымша сұраныс алдық. Бұл сұраныс аясында бізде бүкіл медицина ұйымдары скринингке қажетті қондырғымен 100 пайыз жабдықталады. Қосымша перинатальдық орталықтардың ашылуы, екінші, үшінші деңгейлі ұйымдардың көбеюі есебінен бүкіл ұйымдарды құрал-жабдықпен жабдықтап, әрбір шала туған баланың скрининтен өтуін қамтамасыз етеміз. Министрлік осы қондырғымен жұмыс істейтін мамандарды оқыту жұмысын қолға алды», - деді Олжас Искаков.

Бұған дейін жазғанымыздай, Қазақстанда перинаталдық және неонаталдық скринингтер аясы кеңейтілді.



Соңғы жаңалықтар