Былтыр 3370 ақмолалық отбасы қоныс тойын тойлады - Кулагин
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында өткен жылы 364,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Бұл туралы бүгін 2016 жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2017 жылдың негізгі міндеттері туралы халық алдында есеп берген аймақ басшысы Сергей Кулагин мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Аймақ әкімінің айтуынша, облыста тұрғын үй құрылысын дамытуға 29,2 миллиард теңге бағытталды. «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жалпы 4,6 миллиард теңге бөлінді.
«2016 жылы тұрғын үй құрылысының нысандарына 35,6 шақырым инженерлік жүйе тартылды. Өткен жылы 364,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, оның 192,4 мың шаршы метрі жекеменшік тұрғын үй құрылысы. 2016 жылдың жоспары 20,7 пайызға артық орындалды (302,2 мың шаршы метр). 3370 отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты. Негізгі басымдық бағыттар бойынша қолжетімді тұрғын үй құрылысы аяқталды. Үй кезегіндегілер үшін Шортанды кентінде 36 пәтерлік, Ақмол ауылында 45 пәтерлік, Аршалы кентінде 16 пәтерлік тұрғын үйлер салынды. Жас отбасылар үшін Щучинск қаласында 75 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылыс жинақтау жүйесі арқылы облыс орталығындағы «Жансая» тұрғын үй кешенінде үш 30 пәтерлік тұрғын үй, Көкшетау қаласында 9 қабатты, 45 пәтерлік тұрғын үйлер салынды», - деді аймақ басшысы.
Еске сала кетейік шараға ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, облыс әкімінің орынбасарлары, қала және аудан әкімдері, департамент, басқарма және ведомство басшылары мен қала тұрғындары қатысты.