Былтыр 4,5 мың гектарлық субсидия негізсіз бөлінген - ҚР АШМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Былтыр құзырлы органдар еліміз бойынша 4,5 мың гектарлық субсидия негізсіз бөлінгенін анықтаған. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мəлім етті.

Былтыр 4,5 мың гектарлық субсидия негізсіз бөлінген - ҚР АШМ

«Басқару күрделі болған соң, осы субсидиялар бөлінгенде, жемқорлық қылаң беріп қалады. Мысалы, Солтүстiк Қазақстан облысына қарасты Ғ.Мүсiрепов ауданындағы егiн алқабының аумағы 1 млн. гектардан асады. Аудандық əкімдік қызметкерлерінен құралған комиссия екi аптада осы жерге егін егілгенін растауы керек. Бұл өте күрделi жұмыс əрі көп уақыт алады, материалдық шығыны да бар. Сәйкесiнше, бiзде ешқандай егiн себiлмеген, себілсе де, ол егiн дұрыстап жиылмаған жерлерге де субсидия берiлген жағдайлар орын алып жатты. Себебi, субсидияның өзi ол фермер үшiн табыс болды, себебi еш шығыны жоқ. Өткен жылдың өзiнде-ақ прокуратура субсидиялар, оның iшiнде дәл осы гектарлық субсидиялар негiзсiз бөлінген 4,5 мыңнан астам фактіні анықтады», - деген министр оның ішінде 2 мыңнан астам жағдай Алматы облысында тіркеленін атап өтті. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ауыл шаруашылығы министрлігі келесі жылдан бастап гектарға берілетін субсидияны жойып, орнына инвестициялық субсидия, техника сатып алуға берілетін субсидия енгізбекші. А.Мамытбековтің пікірінше, жаңа тəртіппен берілетін, субсидиялрды басқару əлдеқайда оңай болады. «Жаңа берiлетiн субсидиялар оңай басқарылатын болады. Мысалы, техника сатып алсаң, субсидия аласың, болды, бiттi. Себебi, ол техника есепке қойылады. Сол сияқты, жабдық сатып алсаң да, мал сатып алсаң да, банкке ақшасын төлесең де, барлығы оңай тексерледi, сәйкесiнше оңай басқарылады. Бұл өз кезегінде шенеунікпен келісу үшін пара беру фактілерін де азайтады», - деп түсіндірді министр.