Былтыр Алматыға 1,8 млн турист келді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы туризм пандемияға дейінгі деңгейге оралды. Бұл туралы мәслихаттың VI сессиясында қалалық экономика басқармасының басшысы Дастан Өмірбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Былтыр Алматыға 1,8 млн турист келді

Оның айтуынша, былтыр мегаполиске 1,8 млн турист келді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 48 %-ға артық.

«Туристік лектің ұлғаюы тиісті инфрақұрылымның дамуына әкелді. Өткен жылы мегаполисте 2,2 мың төсек- орынға арналған 14 жаңа қонақ үй кешені ашылды. Қала тау туризмі арқылы шетелдіктер үшін тартымды. Өткен жылы ұзындығы 150 км 12 маршрут пен 3 кемпинг аймағын абаттандыру жұмыстары аяқталды»,- дейді Дастан Өмірбаев.

Алматы қалалық әкімдігінің мәліметінше, жыл басынан бері мегаполиске 197 мыңнан астам шетелдік турист келген.

Бұған дейін саяхаттап келген туристер мен қала қонақтары қай жерлерге көбірек баратыны туралы жазған едік.