Былтыр астанада бала таситын мектеп автобустары 7 мәрте апатқа ұшыраған
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері мектеп автобустарының техникалық жағдайын тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Балалардың жолдағы қауіпсіздігі!» атты жедел-алдын алу шарасы аясында полиция департаментінің қызметкерлері елордадағы мектеп автобустарын тексерді.
Балаларды оқу ұйымдарына қауіпсіз жеткізуге арналған көліктердің техникалық жағдайы жақсы екені айтылды.
Өрт сөндіру мен алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған құралдардың бар болуы, автобустың артқа жүріс кезінде жарқылдауық маяктардың, дыбыс және жарық сигналдарының жұмысқа қабілеті тексерілді.
Әр бала үшін жеке қауіпсіздік белдігі болуына, оның жарамдылығына ерекше назар аударылды.
«Мемлекет басшысы 2022 жылды балалар жылы деп жариялады. Балалардың жол-көлік жарақатының алдын алу - балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды міндеттердің бірі»,- деді Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев.
Өткен жылы мектеп автобустарының қатысуымен 7 жол-көлік оқиғасы болса, оның екеуі мектеп автобусы жүргізушісінің кінәсінен болған. Апаттан ешкім зардап шекпеген.
Полицейлер жүргізушілермен жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтауға қатысты және балаларды мектеп автобустарына отырғызу, түсіру, тасымалдау кезінде балаларды ұстау құрылғыларын міндетті түрде пайдалану жөнінде профилактикалық әңгіме жүргізді.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында автобустардың бағыттары зерделеніп, жүргізушілердің әкімшілік айыппұлының бар-жоғы тексерілді.