Былтыр азық-түлік инфляциясының рекордтық көрсеткіші тіркелді - Серік Жұманғарин

АСТАНА. ҚазАқпарат – Өткен жылы азық-түлік инфляциясы мен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы өскен. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Былтыр азық-түлік инфляциясының рекордтық көрсеткіші тіркелді - Серік Жұманғарин

«Былтырғы жылдың 11 айында ішкі тауар айналымы 44,3 трлн теңгеге жетті. Бұл – 2021 жылдың ұқсас кезеңмен салыстырғанда 19,7%-ға артық. Тартылған инвестициялар көлемі 38,2%-ға өсті. Атап айтқанда, оның көлемі 2021 жылы болған 210,3 трлн теңгеден былтыр 290,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Өткен жылы елімізде азық-түлік инфляциясының рекордтық көрсеткіші тіркелді, яғни ол 25,3 пайызға өсті. Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 22,7 пайызға өскені байқалды. Бұл ретте бағаның айтарлықтай өсуі ақпаннан сәуірге дейінгі кезеңге келеді. Негізгі себептер – геосаяси жағдайдың өзгеруі, ұлттық валюта бағамының әлсіреуі және санкциялардың енгізілуі. Осыған байланысты баға белгілеудің негізгі компоненттері қайта қаралып, оңтайландырылды», - деп атап өтті Серік Жұманғарин.