«Былтыр берілген ғимарат құлағалы тұр» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 25 мамыр, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Былтыр берілген ғимарат құлағалы тұр» - республикалық басылымдарға шолу

 ***

Бейсенбі күні Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев V Астана экономикалық форумының жұмысына қатысушы Нобель сыйлығының лауреаттарымен жұмыс бабындағы ертеңгілік аста кездесті. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінде «Форумның жұмыс органы құрылды» деген тақырыппен берілді. Басылымның атап өтуінше, Н.Назарбаев Нобель сыйлығы лауреаттарына Астана экономикалық форумын өткізу идеясына қолдау білдіргендері үшін алғысын айтты. Бейресми пішіндегі әңгімеле­су барысында Нобель сыйлығы­ның лауреаттары Президентпен бір­ге жаhандық экономиканы да­мы­тудың кең ауқымды мәселесі мен әлемдегі геосаяси жағдайды, сондай-ақ бірқатар өзге де өзекті тақырыпты талқылады. Бұдан бас­қа, Форумның миссиясын жүйе­лі негізде орындай алатын тұрақты түрде жұмыс жасайтын орган құру қажеттігі туралы мә­селе көтерілді.

***

«Алаш айнасы» газетінде «Неокон» сарапшылық кеңес беру серіктестігінің президенті, РБК телеарнасының «Хазинмен сұхбат» бағдарламасының жүргізушісі Михаил Хазинмен арадағы сұхбат «Кедендік одақ ТМД аясынан да шығып кетуі әбден мүмкін» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Ең бастысы, АҚШ-тың қазіргі әлемдік экономикадағы үстемдігі әлсіреп, доллардың рөлі төмендейді. Ақша айырбасы саласында Америка валютасына көп басымдық берілмейді. Ол -  факт. Бұған қарсы олар ештеңе істей алмайды. Себебі сұраныс төмендеп жатыр. Осының нәтижесінде ақша айырбасы операциялары да азаяды», - дейді.

Қас пен көздің арасында үйіндіге айналған Қарағандыдағы көпқабатты үйдің «тағдырына» таңдайын тақылдатып, жағасын ұстамаған жан қалмады. Алайда мұндай сұмдық оқиғаның «сыңары» жоқ дегенге қазір ешкімде имандай илана қоймас. Өйткені сапасы тым төмен, пайдаланылмай жатып жарамсыз болып қалған нысандардың саны артпаса, кемитін түрі жоқ. Мәселен, «Алаш айнасы» газетінің жазуынша, оңтүстіктің оңтүстігі есептелетін Мақтаарал ауданында осындай бір сапасыз нысанға қатысты даудың түндігі түріліпті. Мақала «Былтыр берілген ғимарат құлағалы тұр» деген тақырыппен басылған.

***

«Қазақстан Орталық Азиядағы IPO орталығы бола алады», - деп жазады «Литер» газеті «Народное управление» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, 5-ші Астана экономикалық форумы аясында өткен пікірсайыс барысында «PricewaterhouseCoopers» консультациялық кеңесінің төрағасы Джон Статтэрд егерде бұл идея сәтті жүзеге асар болса онда Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Қытай, Сингапур сынды Орталық Азиядағы  IPO орталығы бола алады деген пікірін білдірген. Форум ауқымында өткен «Акция нарығы: IPO әлемі» сессиясында «Халықтық ІРО» жобасын жүзеге асыру барысында туындайтын қауіптер, сонымен қатар оның оң жақтары кеңінен талқыланды.

***

«Қазақстандық интернет пайдаланушылар ресейлік оппозиционер Алексей Навальныйға Абайдың өлеңдері жазылған футболканы сыйға тартпақ», - деп жазады «Экспресс К» газеті «Прижать Абая к груди» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, "Центр Тяжести" форумында жарияланған үздік эскиз конкурсы 31 мамырда аяқталады. Осы идеяға бастамашы болғандардың бірі Іңкәр Міржақыпованың айтуынша, аталған сыйлық Навальныйға Абайдың «түсініксіз қазақ» емес қазақтың ұлы ағартушысы екендігін  білдіру үшін жасалып отыр. Қазіргі уақытта байқауға алты үлгі келіп түскен.

***

«Кеше Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркітілдес мемлекеттер ынтымақ­тастығы кеңесінің Бас хатшысы Халил Акынжыны қабылдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, Х.Акынжы Мемлекет басшысына Кеңес тарапынан атқарыл­ған жұмыс туралы баяндады, сон­дай-ақ өткен жылы Алматыда өткен Түркітілдес мемлекеттер ын­тымақтастығы кеңесі саммиті­нің қорытын­ды­лары туралы айтып берді. Кездесу барысында сондай-ақ биыл Бішкекте өтетін алдағы саммит мәселесі талқыланды. Алда өткелі отырған іс-шараның күн тәртібінің негізгі тақырыбы «Білім, ғылым және мәдениет» болмақ.