Былтыр да осылай жазаланған: СҚО-да 9 мамырда көлігіне жапсырма жапсырып жүрген адам сотталды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлерге бағынбай, көлігіндегі жапсырманы шешпеген ер адам сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған соты 12 мамырда Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 667-бабының 2-бөлігіне сәйкес - бір жыл ішінде қайта құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау бойынша К.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап, сот оны кінәлі деп таныды. Ер адам 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жазаға тартылды.

9 мамыр күні сағат 12.45-те Петропавлдағы «Западный» бақылау-өткізу бекетінің маңында Мамлютское тас жолының бойында К.-ны автопатруль тоқтатқан. Одан полиция қызметкері қозғалыс кезінде көрініске кедергі келтіруіне байланысты, автокөлігінің алдыңғы бүйір терезелеріне жапсырылған жұлдыз және ұшақ суреттерін шешуді талап еткен. Алайда жүргізуші құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабын орындамаған.

Осыдан бір жыл бұрын, 2022 жылдың 9 мамырында К. дәл осылайша полицейлердің талабын орындамай әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған әкімшілік қамаққа алу түрінде жаза шарасы қолданылған.

ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабының 2-бөлігінің санкциясының баламасы жоқ және 15 тәуліктен 20 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуды көздейді.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар