Былтыр елімізде 13 театр мен кинотеатр, 46 мәдениет үйі қайта жаңғыртылды - Елбасы
АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Дүние жүзілік дағдарыс жағдайында, тек өткен жылы ғана елімізде 13 театр мен кинотеатр, 66 кітапхана, 28 мұражай, 46 мәдениет үйі қайта жаңғыртылды. Бұл туралы бүгін Астанада «Наурыз нұры» мерекелік кешінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Елбасы кеше ғана Шымкент қаласында облыстық филармонияның әсем ғимараты бой көтергенін, ал Астанадағы 3 500 орындық заманауи «Қазақстан» орталық концерт залы бұл өңірде теңдесі жоқ бірегей ғимарат екенін атап көрсетті.
«Біз тарих үшін қас-қағым уақытта іргесі берік мемлекет құрдық. Бүкіл әлемді таңқалдырған әсем елордамыз - Астана қаласын салдық. Қиын кезеңдерге қарамастан ұлтымыздың мәдениетін дамытуға ерекше көңіл бөлдік. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қыруар шаруа атқарылды. Дәл осы жылдарда Алматыдағы опера және балет театры, академиялық қазақ және орыс драма театрлары, ұйғыр, корей ұлттық театрлары күрделі жөндеуден өткізілді. Облыстық деңгейдегі 11 театр ашылып, көптеген талантты жастар сахнаға шығуға мүмкіндік алды», деді салтанатты кеште Н. Назарбаев.