Былтыр елімізде 2,5 млн гектар жер мемлекетке ерікті түрде қайтарылған - АШМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы жылдары еліміздегі агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне салық салу жүйесі жетілдірілді. Осының нәтижесінде 2015 жылы 2,5 млн. гектар жер мемелкетке ерікті түрде қайтарылды. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында өткен парламенттік тыңдау барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.

Былтыр елімізде 2,5 млн гектар жер мемлекетке ерікті түрде қайтарылған - АШМ

Министрдің айтуынша, арнайы салық режиміндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге салық салудың жетілдірілмеуі проблемасы соңғы жылдары оңтайлы шешімін тауып келеді. Мәселен, осы проблеманы шешу мақсатында жер салығынан 70 пайыздық жеңілдік алынып тасталып, ол бойынша мөлшерлеме 5 есеге ұлғайған.

«Бұл ретте бірыңғай жер салығы бойынша мөлшерлеме 1,5 есеге ұлғайтылып, өңірлерге оны қолданылмайтын жерлер бойынша 10 есеге дейін ұлғайту құқығы берілді. Нәтижесінде, 2015 жылы 2,5 млн. гектар жер ерікті түрде мемелкет иелігіне қайтарылды. Оның ішінде 400 мың гектар егістік және 1,8 млн. гектар жайылымдық жерлер», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бөлек, министр жалпыға ортақ салық салу режимі қолданылатын ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші заңды тұлғалар мен шаруа (фермер) қожалықтарына өсіп кеткен салықтық жүктемені теңестіру шарасы қабылданғанын атап өтті. Бұл үшін еңбекақы қоры бойынша қосарланған шегерім жүргізу, әлеуметтік салық мөлшерлемесін 6,5 пайызға дейін төмендету, қосылған құн салығын төлеу кезінде 70 пайыздық жеңілдік алу және мүлік, көлік салығын төлеуден босатылу құқығы берілген.

«Сонымен қатар, барлық шаруа (фермер) қожалықтары үшін қоршаған ортаға эмиссия үшін ақы төлеу бірыңғай жер салығы құрамына қосылды», - деп атап өтті министр.