Былтыр елімізде таза қазақ тілінде жұмыс істеген мектепке дейінгі ұйымдар саны 2572-ні құрады
АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2010 жылы елімізде таза қазақ тілінде жұмыс істеген мектепке дейінгі ұйымдардың саны 2572-і нысанды құрады.
Бұл туралы ҚазАқпарат Статистика агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Мектепке дейінгі ұйымдарда қарым-қатынас 7 тілде жүргізілді. Атап айтқанда, қазақ, орыс, ағылшын, өзбек, кәріс, ұйғыр және неміс тілінде. Қарым-қатынас таза қазақ тілінде жүргізілетін мектепке дейінгі ұйымдардың саны - 2572. Ол нысандарда 158,9 мың бала оқып, тәрбиеленді. Ал орыс тілінде - 1153 ұйым (51,3 мың бала), бірнеше тілдегі (аралас ұйымдар) - 1012 бірлікті құрады ( онда қазақ тілінде - 86,1 мың бала, орыс тілінде - 93,8 мың бала тәрбиеленді). Жалпы мектепке дейінгі ұйымдардың қызметкерлер саны 92,2 мың адам құрады, оның 46 пайызы - педагог қызметкерлер. Білім деңгейі бойынша 56,2 пайыз педагог және медициналық қызметкерлерінің жоғары білімі бар», делінген агенттіктің таратқан мәліметтерінде.
Бұдан бөлек, былтырғы жылы мектепке дейінгі ұйымдарда 616,5 мың науқастану оқиғалары тіркелген. Бұл ретте 1000 балаға шаққандағы науқастану деңгейі 1 453 оқиғаға тең болды. Көбінесе балалар тұмау және жоғары тыныс жолдарының өткір инфекцияларымен ауырды.
«Әрбір үшінші дерлік мектепке дейінгі ұйымның абаттандырылуы қазіргі талаптарға сай келмейді. Бұндай ұйымдардың 25 пайызы пеш жылуын қолданады», - делінген таратылған ақпаратта.