Былтыр еліміздегі медқызметкерлердің жалақы қоры 40 пайызға артты
АСТАНА. 13 сәуір. ҚазАқпарат - Былтыр еліміздегі медқызметкерлердің жалақы қоры 40 пайызға артты.
Бүгін ҚР Сенат депутаттарының қатысуымен өткен денсаулық сақтау саласына технологияларды беру жөніндегі жобаларды іске асыру мәселелеріне арналған жиын барысында Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова осылай мәлім етті.
Баяндама барысында министр Салидат Қайырбекова, елімізде нәтижеге бағдарланған әрі көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға ынталандыратын төлем әдістері енгізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, іскер, менеджментті терең меңгерген білікті бас дәрігері бар ұйымдарда, ауруханаларда, емханаларда дәрігерлердің айлық еңбекақыларының төлемі оның қабілетіне қарай 160 мыңға, орташа медқызметкерлерге жалақы 140 мың теңгеге дейін төленеді.
«2011 жылдың қорытындыларына сәйкес, жалпы еліміз бойынша медициналық қызметкерлердің жалақы қоры 42 пайызға артты. Мәселен, Орал қаласындағы облыстық кардиологиялық орталықта дәрігерлердің орташа жалақысы 275 мың теңгені құрады. Ал медбикелердің орташа айлығы 165 мың теңгені құрады. Бұл белгіленген орташа жалақы деңгейіне қарағанда 3,5 есеге артық көрсеткіш», - дейді министр.