Былтыр еліміздегі жылқы саны 5,2 пайызға артып, ірі қара мал басы 7,7 пайызға азайды
АСТАНА. 29 наурыз. ҚазАқпарат - 2011 жылы республикада жылқы саны 5,2 пайызға, қой мен ешкі - 0,6 пайызға, құс - 0,3 пайызға ұлғайды.
Сонымен қатар, ірі қара мал саны - 7,7 пайызға, шошқа - 10,4 пайызға кеміді. Бұл туралы ҚР Статистика агенттігінен хабарланды.
Агенттіктің мәліметінше, негізінен мал басы халық шаруашылықтарында шоғырланған. Атап айтқанда, осы салада: ірі қара мал - 76,7 пайыз, қой мен ешкі - 67,0 пайыз, шошқа - 72,5 пайыз, жылқы - 62,7 пайыз, түйе - 64,2 пайызды құрайды.
Ал құс санының жартысынан көбі (58,2 пайыз) ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында ұсталған. Сонымен қоса, 2010 жылмен салыстырғанда ет өндірісі 0,5 пайызға, жүн - 2,2 пайызға өсті. Сүт өндірісінің барлық түрлері 2,8 пайызға, жұмыртқаның барлық түрлері - 0,1 пайызға кеміді.