Былтыр елордада 18 мың қылмыс тіркелді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Былтыр елордада тіркелген қылмыстар саны 2018 жылмен салыстырғанда 5720-ға азайып, 18 мыңды құрады. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов халыққа есеп беру кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Былтыр елордада 18 мың қылмыс тіркелді

Полиция департаментінің басшысы баяндамасын өткен жылғы жедел-қызмет жұмыстарын қорытындылаудан бастады.

«2019 жылы 2018 жылмен салыстырғанда қылмыс саны 5720-ға, яғни 24 мыңнан 18 мыңға төмендеді. Адам өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық, тонау, ұрлау, бұзақылыққа қатысты қылмыстар азайды. Қоғамдық орталарда жасалатын қылмыс 38,6%, көшеде жасалатын қылмыс 45,4%, жасөспірімдер арасындағы қылмыс 10,7% төмендеді», - дейді Ержан Сәденов.

Сондай-ақ ол департамент басшылығы апта сайын азаматтарды қабылдап, мәселелерін шешу үшін нақты шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.

«Сонымен қатар, былтыр қала тұрғындарына 1 млн 300 мың қызмет түрі көрсетілді. Олар: азаматтарды тұрғылықты жерлері бойынша тіркеу, жеке куәлікті, төлқұжатты, мекенжай анықтамасын рәсімдеу және тағы басқа қызмет түрлері», - деді ол.