Былтыр Еуроодақ елдерінде 5,4 миллион бала дүниеге келді
БРЮССЕЛЬ. Тамыздың 4-і. ҚазАқпарат /Ержан Оспанов/ - Eurostat статистикалық агенттігінің дүйсенбі күні, тамыздың 3-інде таратқан мәліметтеріне сүйенсек, ағымдағы жылғы қаңтардың 1-індегі жағдай бойынша Еуроодақ елдеріндегі халықтың саны 499,8 миллион адамды құрайды, 2008 жылдың І жартыжылдығындағы көрсеткіш 497,7 миллион болатын.
Осылайша, Еуроодақ тұрғындарының саны (27 елдің) 0,6 миллион табиғи өсімнің және 1,5 миллион таза көші-қонның арқасында 2,1 миллион адамға немесе 0,4 пайызға өсіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Еурокомиссияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2009 жылғы қаңтардың 1-індегі мәліметтер бойынша еуроаумақ елдеріндегі халықтың саны 328,7 миллион адамды құрады (2008 жылы - 327,1 миллион болған). Аталмыш аумақтағы халықтың саны 1,6 миллионға немесе 0,5 пайызға өсті. Табиғи өсім 0,4 миллион адамды, таза миграция - 1,2 миллион адамды құрады.
Оған қоса, 2008 жылы Еуроодақта 5,4 миллион нәресте дүниеге келген, 4,8 миллион адам қайтыс болған.