Былтыр қаскөй аңшылар 300-ден астам киікті қырып салды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылы Қазақстанда браконьерлер 300-ден астам киікті өлтірді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен хабарлады.

Былтыр қаскөй аңшылар 300-ден астам киікті қырып салды

«Броконьерлікпен күрес бойынша қабылданып жатқан шараларға қарамастан, киіктерді заңсыз ату азайған жоқ. 2014 жылы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен ҚР ІІМ бөкендер мекендейтін ареалда киіктерді ату, олардың мүйіздерін сатып алу мен тасымалдау бойынша 68 фактіні тіркеді. Қаскөй аңшылар 300-ден астам киікті атып алған, осы заң бұзушылардан 1015 бөкен мүйізі тәркіленді», делінген ҚазАқпаратқа берген мәліметте. Атап айтқанда, бұл фактілер елімізден тыс жерлерге киік мүйіздерін контрабандалық тасымалдау мүмкіндігін байқатып отыр. Бұл жануарлардың мүйіздері шығыс медицинасында дәрілік заттың шикізаты ретінде пайдаланатыны белгілі. Сонымен қатар, киіктердің санын арттыруға кедергі тағы бір проблема - ол жануарлардың инфекцияларға сезімталдығы. Естеріңізге сала кетейік, 2010-2013 жылдары БҚО, Қостанай, Ақмола облыстарында пастереллезден бөкендердің жаппай қырылуы анықталды. Нәтижесінде 14 мыңнан астам жануар қырылды. Министрліктің мәліметінше, киіктердің дерті жеткілікті деңгейде зерттелмеген, сондықтан бұл жағдай олардың көбеюіне нақты қатер тудырып отыр. Осы орайда ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен ҚР БҒМ 2012 жылдан бастап киіктердің инфекциялық індеттерін зерттеу бойынша ғылыми-техникалық бағдарламаны жүзеге асыруда. Бұл бағыттағы жұмыстар инфекциялық дерттердің алдын алуға негізделген. Қазақстанда киіктердің Бетпақдала таралымы, ал екіншісі Үстірт және Орал таралымдары мекендейді. ҚР АШМ деректеріне сүйенсек, ХХ ғасырдың 90-жылдарда олардың саны 1 миллионнан астамнан 2003 жылы 21 мың басқа дейін төмендеуінен бұл жануарларды сақтап қалу проблемаға айналды. Ведомство мәліметінше, елімізде қабылданған шаралардың арқасында соңғы жылдары бөкендердің саны артып келеді. 2014 жылы олардың басы 256,7 мыңға жеткен екен.