Былтыр Қазақстан ЕАЭО елдеріне 9,7 млрд доллардың тауарын экспорттаған
АСТАНА. ҚазАқпарат – Былтыр Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне 9 млрд 709,8 млн доллардың тауарын экспорттаған. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап хабарлайды.
ҰСБ ұсынған алдын ала деркетер бойынша былтыр Қазақстанның ЕАЭО елдерімен арадағы сауда-саттық көлемі 28 311,2 млн доллар болған. Яғни, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 6,5%-ға көп.
Өткен жылдың қаңтар-желтоқсан аралығында Қазақстан 9 млрд 709,8 млн доллардың тауарын экспортап, тиісінше 18 млрд 601,4 млн доллардың тауарын импорттаған.
Қазақстан өткен жылы ЕАЭО елдерінің ішінде Ресеймен (сыртқы сауданың үлесі - 92,3%) көп сауда-саттық жасасқан. Ал кейінгі орындарда Қырғызстан (4%) мен Беларусь (3,6%) тұр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, еліміздегі бөлшек сауда көлемі 20,8% өсті.