Былтыр Қазақстанда дене шынықтыру және спортпен 4,5 млн. адам қамтылды - ҚР МСМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Былтыр елімізде халықтың 26 пайызы немесе 4,5 млн. адам дене шынықтырумен және спортпен қамтылды. Бүгін Мәжілістегі бұқаралық спортты және дене шынықтыруды дамыту тақырыбында өткен Үкімет сағатында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осылай мәлім етті.

Былтыр Қазақстанда дене шынықтыру және спортпен 4,5 млн. адам қамтылды - ҚР МСМ

«Мемлекет басшысы Н. Назарбаев өзінің Жолдауында «бұқаралық спорт кешенді қадамдарды талап етеді, өйткені тек дені сау ұлт қана бәсекеге қабілетті ұлт бола алады» деген еді. Осы міндеттер аясында біздің министрліктің мемлекеттік саясатының бірі бұқаралық дене шынықтыру спортын дамыту болып табылады. Алға жүктелген міндеттер аясында министрлік қабылдаған шаралар нәтижесінде 2015 жылы дене шынықтырумен және спортпен қамтылғандар саны жалпы халықтың 26 пайызын немесе 4,5 млн. адамды құрады. Сонымен қатар, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталықтары 33 мыңнан астам бұқаралық спорттық шаралар мен акциялар өткізді. Оның ішінде 18 мыңнан астам шара ауылды жерлерде өткізілді», - деді А. Мұхамедиұлы.

Министрдің айтуынша, ведомствоның ең басты стратегиялық мақсаттарының бірі 2020 жылға қарай елімізде отандастарымыздың отыз пайызы дене шынықтыру және спортпен шұғылдануын қамтамасыз ету болып табылады.