Былтыр қазақстандық IT фрилансерлер 10 млн доллар табыс тапқан
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде IT фрилансерлерге сұраныс артып келеді, сәйкесінше тапсырыс та көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«IT саласында фрилансерлерге сұраныс жоғары. Яғни тапсырыс көп. 2020 жылы Upwork платформасында 760 қазақстандық фрилансер тіркелген. Олар 7,5 млн АҚШ доллары көлемінде табыс тапқан. Бұл көрсеткіш жыл санап өсіп келеді. Өткен жылғы қорытынды бойынша 1350 қазақстандық фрилансер 10 млн АҚШ доллар табыс тапқан. Бұл тренд және ол жалғасын табады» , - деді Astana Hub білім бағдарламалары кеңсесінің директоры Дәулет Беймурзинов орталық коммуникациялар қызмет алаңында өткен брифингіде.
Өз кезегінде Astana Hub басқарушы директоры Алина Әбдірахманова елімізде әйел фрилансерлерді көбейту бағытындағы жоспарын бөлісті.
«Отандық фриланс қауымдастығын қолдау, цифрлық алаңдарда фрилансер әйелдердің үлесін арттыру міндеті тұр. Қазақстандық фрилансерлердің халықаралық нарыққа шығуына жәрдемдесу үшін «Freelance School» курсы енгізілді. Осылайша, фрилансерлік оқыту әйелдерге қашықтан жұмыс істеу және жалақы мен жұмысқа орналасудағы гендерлік алшақтықты азайту арқылы жергілікті және шетел валютасында табыс табуға мүмкіндік береді», - дейді ол.