Былтыр қазақстандықтарға 81 млрд. теңге көлемінде айыппұл салынған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Былтыр қазақстандықтарға 81 млрд. теңгеге айыппұл салынды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлайды.

Былтыр қазақстандықтарға 81 млрд. теңге көлемінде айыппұл салынған

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті мемлекеттік органдарды, құқыққорғау және сот жүйесін толыққанды ақпаратпен қамтамасыз етіп отыру үшін құқықтық статистика субъектілері жұмыстарының статистикалық көрсеткіштерін қалыптастырып, талдау жасайды.

Әкімшілік құқық бұзушылық және оны жасаған адамдар туралы орталықтандырылған банк мәліметтері бойынша, 2013 жылы 3 288 055 әкімшілік құқық бұзушылық жасалып, олар бойынша 80 млрд.924 млн. теңгенің айыппұлын салу түріндегі әкімшілік жаза белгілеу туралы 2659 289 қаулы шығарылған.

Еліміздің бюджетіне 42 млрд. 954 млн. теңге, яғни салынған әкімшілік айыппұлдың 53,1 пайызы түсті.

Айыппұл өндіріп алу бойынша бұрынғысынша Оңтүстік Қазақстан облысы (70,3 пайыз) мен Алматы қаласы (68,4 пайыз) алғашқы орындарда тұр. Ал Ақтөбе (36,1), Солтүстік Қазақстан (36,4) және Қостанай (38,6) облыстарында бұл көрсеткіш республикалық орташа көрсеткіштен төмен.

Жалпы алғанда елімізде ішкі істер органдары анықтаған қоғамдық тәртіп және жол қозғалысы ережелеріне қатысты құқық бұзушылықтар алдыңғы орында тұр. Олар бойынша салынған айыппұлдардың нақты тиімділігі 59,2 пайызды, яғни 10 млрд. 381 млн. теңгені құрады.

Әділет органдарының өндірген әкімшілік айыппұлдары -100 пайызды, қорғаныс министрлігі органдарында - 99,1 пайызды, төтенше жағдайларда - 93,2 пайызды, денсаулық сақтау саласында - 93 пайызды, ұлттық қауіпсіздікте - 91,2, ауыл шаруашылығы органдарында - 85,6 пайызды құраған.

Ал айыппұл өндіріп алудың төменгі көрсеткіштері Табиғи монополияларды реттеу агенттігінде - 11,2, ҰҚК шекара қызметінде - 20,3 пайыз, Монополияға қарсы комитетте - 51 пайыз және салық органдарында 53,4 пайыз болып отыр.