Былтыр Қазақстаннын 6,8 млн. тонна астық экспортталды - вице-премьер
АСТАНА. Наурыздың 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Елімізден былтырғы жылы 6,8 млн. тонна астық экспорталды. Бүгін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев Сенатта өткен «Өңір» депутаттық тобының отырысында осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Астық нарығындағы жағдайға келетін болсақ, Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша, 2009 жылы жалпы астық жиыны 20,8 млн. тоннаны құрады. Ал Кедендік бақылау комитетінің мәліметтері бойынша, 2009 жылы астықтық баламадағы ұнды қоса есепке алғанда 6,8 млн. тонна астық экспортталған. Бұның ішінде жалпы астық экспорты бойынша ұнды экспорттау үлесі жыл сайын артып келеді. Мәселен, былтыр астық экспортының жартысына жуығын ұн құрады. Бұл айтарлықтай мәнге ие болатын көрсеткіш», деді Ө. Шөкеев.
Оның айтуынша, тікелей теңіз порттарына шыға алмау қазақстандық астықтың әлемдік нарыққа кірігуіне кедергі болып отыр. Мәселен, тек транзиттік тарифтің есебінен ғана еліміздің астығының әрбір тоннасы 50 долларға дейін қымбаттап кетеді екен.
«Осыған байланысты, Қазақстан өзіндік экспорттық инфрақұрылым құруға кірісіп отыр. Бұл біздің елімізді астық өткізудің ірі рыногына шығаруға мүмкіндік береді», деді Ө. Шөкеев.