Былтыр құрылыс саласындағы үлескерлер мәселесін шешу 50 пайызға ғана орындалды

АСТАНА. 19 наурыз. ҚазАқпарат -  Былтыр үлескерлер мәселесі 50 пайызға ғана орындалды.   

Былтыр құрылыс саласындағы үлескерлер мәселесін шешу  50 пайызға ғана орындалды

Бүгін Мәжілісте  «Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің 2011 жылғы қызметінің қорытындылары және 2012 жылға арналған міндеттері» деген тақырыпта өткен Үкімет сағатында Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов осылай мәлім етті.

Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда құрылыс саласының негізгі көрсеткіштері  жыл сайын өсіп келе жатыр. Алайда үлестік құрылыс нарығындағы қазіргі жағдайға байланысты проблемалар шешілмеген күйінде қалып отыр. 

«Мәселен, 2011 жылы  республика бойынша 13 мың 600 үлескері бар 58 нысанды  іске қосу жоспарланған болатын. Ал іс жүзінде  8 мың 600 үлескері бар 29 нысан ғана пайдалануға берілді. Яғни өткен жылғы жоспар 50 пайызға ғана орындалды», - дейді депутат С. Әйімбетов. Сонымен қатар, депутат Президенттің  биылғы Жолдауында жалға берілетін тұрғын үй алаңын жылына 1 млн. шаршы метрге дейін жеткізуді тапсырғанын еске сала келе, бұл орайда азаматтарда  жалға берілген үйді кейіннен сатып алуға немесе  ұзақ мерзімді жалға алуға мүмкіншіліктері болуы тиістігіне назар аударды. «Елбасының алға қойған  міндеттерін іске асыру мақсатында үстіміздегі жылы және  алдағы жылдары   тұрғын үйге мұқтаж адамдар үшін жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржылдандыру көлемін мүмкіндігінше 2-2,5 есеге  арттыру қажет деп  есептейміз», - деді ол.