Былтыр маңғыстаулық тұтынушылардың 17 млн теңгеге жуық ақшасы қайтарылды

АҚТАУ. ҚазАқпарат – Өткен жылы маңғыстаулық тұтынушылардың 17 млн теңгеге жуық ақшасы қайтарылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Былтыр маңғыстаулық тұтынушылардың 17 млн теңгеге жуық ақшасы қайтарылды

«Тұтынушылардан 2022 жылы 796 өтініш түсті. Оның 306-сы қанағаттандырылып, тұрғындарға 16 685 997 теңге қайтарылды. Ал 2021 жылы түскен өтініштер негізінде 4 322 244 теңге қайтарылған болатын. Бұл бір жылдың ішінде тұтынушылардың өз құқығын қорғау бойынша сауаттылықтары артып келе жатқанын білдіреді», дейді Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Рауан Мұхаев.

Сондай-ақ өткен жылы 8 ірі және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты 8 тексеру жүргізілген.

Сонымен қатар тұтынушылардың құқықтарын бұзудың негізгі себептері анықталған:

- тұтынушы ретіндегі өз құқықтары туралы халықтың құқықтық сауаттылығының төмендігі;

- кәсіпкерлік субъектілерінің «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңды білмеуі және сақтамауы;

- шағын және микрокәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізуге мораторий.

Айта кетейік, Маңғыстау облысы бойынша тұрғындардың тұтынушылық құқықтары бұзылған жағдайда Ақтау қаласы 9-шағынаудан 23 «А» ғимараты, 215-кабинетте орналасқан Маңғыстау облысы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне немесе 8(7292) 43-14-34 байланыс телефондарына хабарласуларына болады.