Былтыр мемлекет меншігіне 1,1 млн. гектар ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылған
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Өмірзақ Өзбеков осылай мәлім етті.
«2010 жылы Жер ресурстарын басқару агенттігінің өңіраралық жер инспекторлары пайдаланылмай жатқан жалпы аумағы 3 млн. гектар болатын 17 мың жер учаскелерін анықтаған болатын. Осыған байланысты 4,9 мың жер учаскелері, яғни 1,6 млн. гектар арнайы есепке алынып, ауыл шаруашылығы мақсаты үшін жері пайдаланылмай отырған субъектілерге 17 млн. теңге шамасында айыппұл салынды. Сот органдарына 33,5 мың гектар жерді мемлекетке қайтарып алу туралы 51 талап-арыз берілді», - деді Ө. Өзбеков.
Агенттік төрағасының айтуынша, тексеру нәтижелері бойынша былтырғы жылы мемлекет меншігіне 1,1 млн. гектар ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды. Ал 2009 жылы бұндай қайтарылған жерлер көрсеткіші 505 мың гектарды құраған еді.
«Жалпы жер инспекциялары өткен жылы 6 мың 342 тексеріс жүргізіп, жер заңнамаларының бұзылуына орай 428 млн. теңгенің айыппұлын салды», -деді Ө. Өзбеков.