Былтыр ормандарда орын алған өрт бюджетке 586 млн. 896 мың теңге шығын келтірді
АСТАНА. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Орманда орын алатын өрттердің 80 пайызы адамдардың кінәсінен болады.
Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінде «Орманды өрттен қорғаудың өзекті мәселелері» деген тақырыпта өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Министрліктің ұсынған мәліметтеріне қарағанда, өткен жылы ормандарда өрт қауіпсіздігі ережесін бұзған 391 адамға 4 млн. 987 мың теңгенің айыппұлы салынса, оның ішінде 342 құқық бұзушыдан 3 млн. 663 мың теңгеге жуық қаражат өндіріліп алынған. Сонымен бірге 2008 жылы ормандарда орын алған өрт республика бойынша 586 млн. 896 мың теңгенің шығынын құраған. Ал ағымдағы жылы өрт қаупі басым аймақтарда жергілікті тұрғындардың отты дұрыс пайдаланбауына байланысты 132 гектар аумақта 34 өрт оқиғасы тіркелсе, оның ішінде 2-еуі ірі орман өртіне ұласқан. Жалпы министрліктің деректеріне қарағанда, республика ормандарында орын алатын өрттердің 80 пайызы - адамдардың кінәсінен, салғырттығынан.